Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі тарапынан көрнекті саяхатшы, туризм саласының үздігі, ұлытаулық Сәрсенбай Қотырашовқа «Құрметті спорт қызметкері» атағы табысталды. Марапатты министрдің орынбасары Серік Жарасбаев арнайы тапсырды.
Сәрсенбай Қотырашов – ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де танылған тәжірибелі жиһанкез. Ол 2022 жылы 72 жасында Қазақстанның 17 облысын жаяу аралап, 8 мың шақырымнан астам жолды еңсерді. Аталған жетістігі үшін Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына енді.
Жиһанкез кейінгі жылдары да өз сапарларын жалғастырып, бірқатар елдерді жаяу жүріп өтті. 2023 жылы Атырау қаласынан басталған сапары барысында Кавказ өңірі мен Грузия арқылы Түркияның Стамбул қаласына жетті. Ал 2024 жылы Өскемен қаласынан жолға шығып, Алтай, Моңғолия арқылы Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңге дейін барды.
2026 жылғы 3 наурызда басталған кезекті сапары аясында 76 жастағы саяхатшы Сербия, Мажарстан, Аустрия, Германия және Франция мемлекеттерінің аумағын жаяу жүріп өтіп, жуырда елге оралды.
Сәрсенбай Қотырашовтың өмір жолы мен табандылығы – өскелең ұрпаққа үлгі. Оның қажырлы еңбегі мен ерік-жігері отандық туризмді дамытуға және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға зор үлес қосып келеді.




