23 сәуір – Ұлттық кітап күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру тапсырмасына орай еліміздің күнтізбесіне енген мерекенің мақсаты – озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу. Мұндай мақсатқа жетудің төте жолы, әрине, өскелең ұрпаққа кітап оқуды дәріптеу.

Сәтбаев қалалық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Ұлттық кітап күнін мерекелеу аясында «Мәртебелі кітап» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге танымал журналист, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы А.Дастанов қадірлі мейман ретінде шақырылды. Б.Момышұлы атындағы №1 мектеп-гимназиясының 8 «Б» сынып оқушыларының қатысуымен өткен шарада журналист мамандығының қыр-сыры, кітап оқудың пайдасы, тұлға болып қалыптасу жолындағы кітаптың атқарар рөлі сынды тақырыптар әңгіме өзегіне айналды. Оқушылар қадірлі мейманның балалық шағында қандай кітапқа қызыққаны, мамандықты қалай таңдағаны сынды сауалдарын да қойып, тұщымды жауабын алды. Абдолла Байділдаұлы өз кезегінде мектеп оқушылары оқуы тиіс кітаптар тізімін ұсынып, жергілікті еңбек адамдарының өнегелі өмірі жайында келелі әңгімелерін айтып берді. Өскелең ұрпақты елі мен жерін сүюге үндеп, білімнің қайнар көзі – кітап екенін баса айтты. Ұлттың ертеңі білімді, мәдениетті, жан-жақты болуы тиіс деп, оқушыларға үлкен сенімі мен үмітін жеткізді.
Айым БЕКТАС