Еліміз азаматтарының басым бөлігі тәрізді мен жаңа Конституция жобасымен жан –жақты танысып шықтым. Маған ә дегеннен ұнағаны , Жобаның кіріспесіндегі біздің бір күнде пайда бола қалған ел емес , сан ғасырлық бай тарихы бар ежелгі ел, ұлт екенімізді жалпақ әлемге жар сала мәлімдегеніміз дер едім.
Конституцияның преамбуласында : «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып,
Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап,
мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап,
Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып,
адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп,
бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп,
мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып,
табиғатты аялау қажеттігін мойындап,
бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып,
келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп,
Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз» деп көрсетілген екен. Осы жолдарда біздің өткеніміз де, бүгініміз де, келешегіміз де тамаша көрініс тапқан. Біздің бейбітсүйгіш , әділетшіл, табиғатты аялай білетін жүрегі кең халық екеніміз бірден байқалады.
Жобаның қай бабын алсаңыз да жаңа Конституцияның Азаматтың құқықтарын қорғауға баса мән берілгенін көресіз.
Мысалы, 21 – баптың 1- тармағында «Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі» делінген. Меніңше, бұл күнделікті өмірдегі кездесіп жатқан келеңсіздіктерді ескере келе жазылған бап секілді. Өйткені, қазіргідей технологияның дамыған заманында әрбір адамның жеке дерек қорына қол сұғылмауы өте маңызды. Айталық, алаяқтардың адамдарды әртүрлі жолдармен алдап, арбауы, кейде жеке деректерін біліп алып, сыртынан несиелер алу, басқа да құжаттар толтыру секілді жағдайлар орын алып жатқаны ақиқат қой. Осы баптың келесі тармағында «Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдары, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жол беріледі» деп жазылғанын оқыдым. Демек, мемлекет бұл бағытта арнайы заңдар қабылдап, іс-шараларды қолға алуға ниетті екенін көрсетіп отыр. Конституция қабылданған соң көптеген заңдар жазылып, бұрынғылары қайта қаралатыны даусыз. Солардың алғашқыларының қатарында Азаматтардың жеке дерек қорларын қорғауға бағытталатын заңның болатынына шүбәсіз сенемін.
Сонда ел азаматтарының мазасын қашырып жүрген алаяқтардың да жолдары кесілуге тиісті.
Жаңа Конституция бұрқанысқа толы заман талаптарына жауап беруге қабылетті құжат болмақ.
Әділбек Тайжанұлы Есқараев,
Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік Қазынашылық департаментінің басшысы.




