«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өңірлерге сапары аясында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған делегация Шымкент қаласында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Жиындар барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары талқыланып, оның ел дамуына қосатын үлесі жан-жақты сараланды.
Алғашқы кездесулердің бірі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті базасында өтті. Ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысқан жиында жаңа Конституциядағы білім, ғылым, инновация және технологияға басымдық беру мәселесі кеңінен қозғалды.
Ерлан Қошанов университет қабырғасында қалыптасатын зияткерлік ортаның қоғамға бағыт-бағдар беретін күш екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Ата заң – тек құқықтық құжат емес, елдің стратегиялық дамуын айқындайтын бағдаршам.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова Конституция жобасында Ұлы Даланың тарихи сабақтастығы көрініс тапқанын айтты. Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа нормалар ғылым мен жоғары білім саласының дамуына тың серпін беретінін жеткізді.

Коалиция мүшелері коммуналдық сала қызметкерлерімен және ПетроҚазақстан Ойл Продактс ұжымымен жүздесті. Кездесулер барысында еңбек адамының мәртебесін арттыру, әділ еңбекақы, қауіпсіз жұмыс жағдайы және әлеуметтік қорғалу мәселелері көтерілді.
Жаңа Конституцияда еңбекке құрмет пен әлеуметтік әділет қағидаттары нақты бекітілгені атап өтілді. Сонымен қатар, экологиялық жауапкершілік те мемлекеттің ұзақ мерзімді басым бағыты ретінде айқындалған.
Шымкент жастар театры алаңында өткен кездесуде мәдениет қайраткерлері тарихи-мәдени мұраны сақтау, шығармашылық еркіндік және зияткерлік меншікті қорғау мәселелерін талқылады. Жаңа Конституцияда бұл нормалардың конституциялық деңгейде бекітілуі – рухани салаға берілген нақты қолдау ретінде бағаланды.
Спортшылар мен жаттықтырушылар да жаңа құжаттағы адал бәсекелестік, тәртіп және жауапкершілік қағидаттарын қолдайтындарын білдірді. Олардың пікірінше, бұл құндылықтар жастар тәрбиесінде ерекше маңызға ие.

Кездесулер барысында тұрғындар жаңа Конституция мемлекеттің гүлденуіне және азаматтардың өзін-өзі дамытуына кең жол ашатынын атап өтті. Құжатта заң үстемдігі, әлеуметтік әділет, білім мен ғылымға басымдық, мәдени мұраны сақтау және еңбек адамына құрмет сияқты қағидаттар айқын көрініс тапқан.
Жиын қорытындысында шымкенттіктер референдумға белсенді қатысып, Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстан құруға бағытталған жаңа Ата заңды қолдауға дайын екендерін жеткізді.




