Дастан Рыспеков төрағалығымен Ұлытау облысында «Әділетті Конституция – қуатты мемлекет» атты жиын ұйымдастырылды. Кездесу барысында конституциялық реформалардың мәні мен маңызы кеңінен талқыланып, алдағы республикалық референдумның ел дамуы үшін айрықша рөлі сөз болды.
Өңір басшысы өз сөзінде 15 наурызда өтетін республикалық референдумның тарихи маңызын атап өтіп, бұл бастама елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталғанын жеткізді. Сонымен қатар 13 ақпаннан бастап өңірде «Әділ, прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты өңірлік коалиция өз жұмысын бастағаны айтылды.
Коалиция құрамына бес саяси партияның облыстық филиалдары — Amanat, Қазақстан Халық партиясы, Ауыл, Ақ жол және Respublika партиялары, сондай-ақ кәсіподақ ұйымдары, ардагерлер кеңесі мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енген. Бұл бірлестіктердің мақсаты — конституциялық өзгерістерді халық арасында кеңінен түсіндіру және азаматтардың белсенді қатысуына жағдай жасау.

Жиын барысында қатысушылар Конституция жобасына енгізілген өзгерістердің құқықтық негіздері туралы баяндама жасап, ұсынылып отырған нормалардың елдің тұрақты дамуына ықпалына тоқталды. Қазіргі таңда облыста референдумға қатысты кешенді ақпараттық-түсіндіру науқаны қарқынды жүргізілуде.
Сондай-ақ жаңа Конституция жобасының ашық әрі жария талқылаудан өткені ерекше атап өтілді. Әрбір азаматтың өз пікірін білдіру мүмкіндігі заң үстемдігін нығайтып, қоғам сұранысына сай шешімдер қабылдауға жол ашатыны айтылды.
Кездесу соңында облыс әкімі конституциялық реформалардың табысты жүзеге асуы қоғамдық келісім мен әр азаматтың белсенді азаматтық ұстанымына тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол жиынға қатысушыларға алғыс білдіріп, ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.




