15 наурыз – еліміз үшін тағдырлы шешім қабылданатын маңызды күн. Бұл күні әрбір азамат өз таңдауын жасап, мемлекетіміздің болашағына тікелей ықпал ете алады. Референдум – тек саяси науқан емес, ол – халықтың өз еркін білдіретін, ел дамуының бағытын айқындайтын демократиялық тетік.
Біздің мемлекетіміздің берік негізі – Қазақстан Республикасының Конституциясы. Ата Заң – тәуелсіздігіміздің тұғыры, құқықтарымыз бен бостандықтарымыздың кепілі. Онда азамат пен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынас, билік тармақтарының қызметі, әділдік пен теңдік қағидаттары нақты көрсетілген. Сондықтан Конституцияға қатысты кез келген өзгеріс – бүкіл халықтың қатысуын талап ететін маңызды қадам.
Референдум – әр азаматтың жауапкершілігі. Өйткені мемлекет тағдырына қатысты шешімге сырттай бақылаушы болу – бейжайлықтың белгісі. Ал белсенділік таныту – елге деген жанашырлықтың көрінісі. Әр дауыс маңызды. Әрбір таңдау – келешек ұрпақтың өміріне әсер ететін шешім.
Тәуелсіз еліміздің дамуы, тұрақтылығы мен өркендеуі – бірлігімізге байланысты. Азаматтық ұстаным танытып, референдумға қатысу – Отан алдындағы парызымыз. Бұл – тек бүгінгі күн үшін емес, ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалатын қадам.
Сіз де ел тағдырына бейжай қарамай, белсенді болыңыз. Болашақ – біздің қолымызда.




