Сәтбаев қаласындағы Әлкей Марғулан атындағы орта мектебінде ұжымымен ел болашағына арналған мазмұнды кездесу өтті. Жиын барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары талқыланып, алдағы республикалық референдумның маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.

Ашық диалог форматында өткен кездесуде жаңартылған Ата Заңның әлеуметтік сипатына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, әлеуметтік әділеттілікті нығайту, ұлттық және дәстүрлі құндылықтарды сақтау мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар, қоғамның дамуына білім беру саласының қосар үлесі ерекше екені атап өтілді. Ұстаздар – жас ұрпақтың санасын қалыптастыратын, ел ертеңіне жауапты тұлғалар. Сондықтан олардың елдегі саяси өзгерістер мен реформаларға қатысты ұстанымы мен белсенділігі аса маңызды.

Кездесу «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты қалалық коалицияның түсіндіру жұмыстары аясында ұйымдастырылды. Жиын барысында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.

Еліміздің одан әрі саяси жаңғыруы мен тұрақты дамуы – әрбір азаматтың саналы таңдауына байланысты. Болашаққа бастар жол – бірлік пен жауапкершілікте.




