Қазіргі кезеңде ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы – тек құқықтық құжаттың жаңартылуы емес, ол мемлекеттің саяси-институционалдық архитектурасын қайта қарауға бағытталған кешенді реформа ретінде бағалануы тиіс. 1995 жылғы Ата заң тәуелсіздіктің алғашқы, транзиттік кезеңінде қабылданып, сол уақыттың тарихи-саяси міндеттерін орындады. Ол мемлекеттілікті орнықтырып, басқару вертикалын қалыптастыруға қызмет етті. Сондықтан оның тарихи рөліне күмән жоқ.
Алайда бүгінгі Қазақстан – саяси жүйесі қалыптасқан, халықаралық қауымдастықта орны айқындалған мемлекет. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасы ел дамуының келесі сапалық кезеңіне жауап беруге бағытталған деп пайымдауға толық негіз бар.
Бірінші айырмашылық – құндылықтық парадигманың өзгеруі.
Қолданыстағы Конституцияда мемлекет мүддесіне басымдық берілсе, жаңа редакцияда адам құқықтары мен бостандықтары алдыңғы орынға шығады. Бұл – классикалық «мемлекет үшін адам» моделінен «адам үшін мемлекет» қағидатына институционалдық көшу деген сөз. Сонымен қатар ұлттық және тарихи бірегейліктің конституциялық деңгейде бекітілуі идеологиялық-құқықтық кеңістікті толықтыра түседі.
Екінші бағыт – билік тармақтарының теңгерімі.
Жаңа жоба биліктің шамадан тыс орталықтануын азайтып, тежемелік-тепе-теңдік тетіктерін күшейтуді көздейді. Соның ең ірі көрінісі – қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай институтының енгізілуі. Бұл модель заң шығару рәсімдерін оңтайландырып қана қоймай, саяси жауапкершілікті тікелей сайлаушы еркімен байланыстырады. Президенттік және Ассамблея квотасының алынып тасталуы да өкілді органның электоралдық легитимдігін арттыруға бағытталған.
Үшінші – саяси жүйенің институционалдық қайта конфигурациясы.
Жобаға вице-президент институтының енгізілуі – атқарушы биліктің сабақтастығын қамтамасыз ететін қосымша кепілдік. Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда биліктің вице-президентке өтуі басқару тұрақтылығын сақтауға бағытталған.
Төртінші – қоғамдық қатысуды кеңейту тетіктері.
Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебе алуы – консультативтік демократия элементтерін күшейтеді. Бұл орган қоғамдық келісім, ұлттық бірлік, ішкі саясат басымдықтары бойынша ұсыныстар әзірлей отырып, референдум бастамасын көтеру құқығына ие болады. Яғни азаматтық қоғам мен билік арасындағы көпір институты қалыптасады.
Бесінші – құқық қорғау және сот жүйесінің кепілдіктері.
Конституциялық соттың мәртебесі нақтыланып, адвокатура туралы жеке баптың енгізілуі – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарын күшейтеді. Бұл азаматтардың сот арқылы қорғалу құқығын институционалдық тұрғыдан нығайтады.
Алтыншы – идеологиялық және стратегиялық бағдар.
Жаңа жобада мемлекет қызметінің негіз құраушы қағидаттары алғаш рет жүйелі түрде айқындалған. Егемендікті қорғау, заң үстемдігі, отаншылдық, қоғамдық диалог, экологиялық мәдениет, білім мен инновацияны дамыту сияқты ұстанымдардың конституциялық деңгейде бекітілуі – ұзақмерзімді даму моделін құқықтық тұрғыда шегендейді.
Қорытындылай айтқанда, ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы – эволюциялық сипаттағы саяси реформа. Ол қолданыстағы Ата заңның тарихи миссиясын жоққа шығармайды, керісінше соның негізінде мемлекеттік жүйені жаңа қоғамдық сұраныстарға бейімдеуді көздейді.
Егер 1995 жылғы Конституция мемлекеттілікті қалыптастыру кезеңінің құқықтық іргетасы болса, жаңа жоба – кемелденген мемлекеттің басқару сапасын, қоғамдық қатысуын және адам құқықтарын қорғау деңгейін жаңа сатыға көтеруге бағытталған құжат.
Сондықтан бұл өзгерістерді жекелеген нормалардың түзетілуі ретінде емес, Қазақстанның саяси-құқықтық дамуының келесі кезеңіне өтуді білдіретін жүйелі жаңғыру ретінде қарастырған жөн.
Ерболат Сатыбалдин,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.




