Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқын белгіленген. Ата заңның Преамбуласында және 1-бабында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп нақты көрсетілген. Бұл – еліміздің даму бағыты адам мүддесіне негізделгенін білдіреді.
Құқықтар мен бостандықтар бөлінбейтін және иеліктен шығарылмайтын деп танылуы – әр азаматтың қадір-қасиеті мен еркіндігіне берілген берік кепіл. Мемлекет адамның құқықтарын қорғауды өзінің басты міндеті ретінде айқындап отыр.
Осы орайда Аида Балаева – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі өз мәлімдемесінде: «Адам және оның қадір-қасиеті – конституциялық модельдің өзегіне айналып отыр», – деп атап өтті. Бұл ұстаным жаңа конституциялық реформалардың басты мазмұнын айқындайды.
Осылайша, Конституция адамның еркіндігін, ар-намысын және құқықтарын қорғауды күшейтіп, әділетті әрі құқықтық мемлекет құруға бағытталған оң қадамдарды бекітеді. Бұл – жарқын болашаққа бастайтын сенімді негіз.




