Елімізде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жаңа цифрлық жоба – «Халықтық Конституция қарапайым сөздермен» атты платформа іске қосылды. Жобаны «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі таныстырды.
Бұл – Қазақстан Республикасының Конституциясындағы өзгерістерді қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіруге арналған заманауи AI-сервис. Платформада арнайы чат-бот жұмыс істейді. Оның көмегімен пайдаланушылар негізгі заңдағы өзгерістермен танысып қана қоймай, Конституцияның әртүрлі редакцияларын салыстырып, нақты баптарға қатысты жан-жақты ақпарат ала алады.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасына халықтың қызығушылығы жоғары. Ол өңірлердегі тұрғындармен кездесулер барысында айқын байқалған. Әбутәліп Мүтәлі жаңа Конституцияны қолдауға бағытталған Жалпыұлттық коалиция құрамында Жамбыл облысы мен еліміздің бірқатар өңірін аралап, тұрғындармен кездескен. Сол кездесулерде азаматтар құжаттың өз өмірлеріне, жұмысына, сондай-ақ қала мен ауылдардың дамуына қалай әсер ететіні туралы көптеген сұрақтар қойған.
Осы сұрақтарға түсінікті әрі қолжетімді жауап беру мақсатында аталған цифрлық платформа әзірленді. Жоба енгізілген түзетулерді талдау және оларды қарапайым тілмен түсіндіру үшін жасанды интеллект технологияларын пайдаланады. Нақты уақыт режимінде әрбір азамат платформаға сұрақ қойып, Конституция баптарындағы өзгерістерді көріп, олардың мәні мен мазмұны туралы толық түсіндірме ала алады.
Сонымен қатар сервисте арнайы AI-көмекші бар. Ол азаматтардың конституциялық құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік құрылымның негізгі қағидаттары және Конституцияға енгізілген түзетулер жөнінде пайдаланушылардың сұрақтарына жауап береді.
Чат-бот арқылы кез келген адам жаңа Конституциядағы өзгерістердің қоғамның түрлі өкілдеріне қалай әсер ететінін біле алады. Атап айтқанда, жастарға, мұғалімдерге, дәрігерлерге, кәсіпорын қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге, отбасыларға және аға буын өкілдеріне берілетін мүмкіндіктер туралы ақпарат алуға болады.
Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, платформаның басты мақсаты – Конституция мазмұнын кең аудитория үшін түсінікті әрі қолжетімді ету. AI-сервис Жалпыұлттық коалицияның ресми сайтында орналастырылып, негізгі заңды зерделеуге, ұсынылып отырған өзгерістерді талқылауға және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға арналған тиімді құралға айналмақ.
Осылайша, жаңа цифрлық платформа Конституцияны түсінуді бұрынғыдан да жеңіл әрі көрнекі етіп, әр азаматқа негізгі заңның мазмұнын тереңірек тануға мүмкіндік береді.




