Күн жылынып, ауа райы жақсарған сайын балалар ойын және спорт алаңдарында көбірек уақыт өткізе бастайды. Бұл – олардың денсаулығы мен дамуы үшін аса маңызды. Алайда, балаларға арналған қоғамдық кеңістіктердің жай-күйі тек инфрақұрылымға ғана емес, тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігіне де тікелей байланысты.
Осыған орай, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында өткен жылы орнатылған 8, 9, 16 және 15В кварталдардағы балалар алаңдары, сондай-ақ №6 шағын ауданның бір бөлігі тексерілді. Тексеру нәтижелері көңіл көншітпеді.
Алаң аумақтарында тұрмыстық қалдықтардың көптеп жиналғаны анықталды. Атап айтқанда, түрлі қаптамалар, күнбағыс дәнінің қабықтары, тастар, қоқысқа толы пакеттер, тіпті пайдаланылған жөргектер де кездескен. Мұндай жағдай балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп қана қоймай, санитарлық талаптардың өрескел бұзылуын көрсетеді.
Әрине, мердігер ұйымдар тарапынан тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Дегенмен, тазалықты сақтау – ең алдымен тұрғындардың өз мәдениетіне байланысты. Қоғамдық орындарды таза ұстау – әрбір азаматтың міндеті.
Мамандардың айтуынша, балаларды ерте жастан бастап тазалыққа, тәртіпке үйрету аса маңызды. Қоқысты арнайы жәшіктерге тастау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау – күнделікті дағдыға айналуы тиіс. Ал ересектер өз кезегінде қалдықтарды жауапкершілікпен шығарып, оларды арнайы контейнер алаңдарына жеткізуі қажет.
Қорытындылай келе, аула тазалығы – бір ғана қызметтің емес, барша тұрғындардың ортақ ісі. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында біз балаларымыз үшін қауіпсіз, таза әрі жайлы орта қалыптастыра аламыз.




