Биылғы жылдың 12 ақпанында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау ел дамуының келесі кезеңін айқындайтын, болашағына тікелей әсер ететін маңызды тарихи шешім. Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, қоғам дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжат. Мемлекет пен азамат арасындағы өзара жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтіп, заң үстемдігін нығайтып, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталса, мұндай бастаманы қолдау орынды деп есептеймін. Әсіресе, құқықтық мемлекетті қалыптастыру жолында әділдік, ашықтық және есеп берушілік қағидаттарының орнығуы аса маңызды.
Жобада бірқатар жаңа институттар мен нормалар ұсынылған. Атап айтқанда, вице-президент лауазымын енгізу мемлекеттік басқару жүйесінің сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Ел басқарудағы тиімділікті арттыруға және төтенше жағдайларда билік құрылымының үздіксіз жұмыс істеуіне негіз бола алады. Адвокаттық қызмет пен адвокатураға арналған арнайы конституциялық баптың бекітілуі азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтеді. Ал, қылмыстық процесте «Миранда» ережесін қолдану ұсынысы күдіктінің құқықтарын сақтап, әділ сот қағидатын нығайту тұрғысынан маңызды қадам болмақ.
Бұдан бөлек, жобаға қатысты ұсыныстар e-Otinish және eGov порталдары арқылы қабылдануда. Ашықтық халықтың тікелей қатысуын қамтамасыз етуде. Әрбір азамат өз пікірін білдіріп, елдің негізгі заңын талқылауға мүмкіндік алуда. Мұндай қоғамдық диалог демократиялық қоғамның басты көрінісі.
Жаңа Конституцияның билік тармақтарының теңгерімін сақтап, заң үстемдігін күшейтіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты кепілдіктермен бекітері даусыз. Мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырып, қоғамдағы сенімді нығайтуға ықпал етпек.
Қауіпсіздік саласында қызмет атқарып жүрген маман ретінде тәртіп пен заңдылықтың берік орнығуы ел тұрақтылығының кепілі екенін жақсы түсінемін. Сондықтан жаңа Конституцияның қабылдануы әділетті әрі жауапты қоғам қалыптастыруға, мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді арттыруға, елдің бірлігі мен тұтастығын нығайтуға қызмет етеді деп есептеймін.
Жаңа Конституция – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміздің айқын көрінісі.

Тағамбай ӘШІРБЕКОВ,
"Қорғау қызметі" ЖШС Күзет бастығы.




