Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде ағымдағы жөндеу жұмыстарынан кейін заманауи талаптарға сай жаңартылған, толықтырылған және кеңейтілген экспозиция залдарының, сондай-ақ жаңадан ашылған екі залдың салтанатты таныстырылымы өтті.
Аталған маңызды мәдени іс-шараға қала басшылығы, мәдениет саласының білікті мамандары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Таныстырылым барысында музейдің материалдық-техникалық базасын жаңғырту нәтижесінде келушілерге ұсынылатын экспозициялардың мазмұны байытылып, тарихи-археологиялық жәдігерлерді заманауи форматта таныстыруға мүмкіндік жасалғаны атап өтілді.
Жаңартылған залдарда Ұлытау өңірінің бай тарихи мұрасы, археологиялық қазбалардан табылған құнды жәдігерлер мен ұлттық мәдениеттің даму кезеңдерін айқындайтын экспонаттар кеңінен қамтылған. Экспозициялар заманауи мультимедиялық құралдармен жабдықталып, келушілерге қолайлы әрі танымдық орта қалыптастырылған.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген қонақтар музейдің жаңғыруы өңірдің мәдени әлеуетін арттырып, тарихи сананы қалыптастыруда, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Аталған жаңарту жұмыстары Ұлытау облысының мәдени инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі бастамалардың айқын көрінісі болып, музей ісін жаңа деңгейге көтеруге зор мүмкіндік беріп отыр.



