Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі энергия тапшылығын жою және жаңа генерациялық қуаттарды дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Жиынға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Премьер-министрдің орынбасарлары, Энергетика министрлігінің, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» және KEGOC ұлттық компанияларының басшылары қатысты.
Кеңес барысында Мемлекет басшысының «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттерді шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған тапсырмалар аясында электр энергетикасы саласын дамыту, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа қуат көздерін іске қосу барысы қаралды.
Энергетика министрлігі ауқымды инвестициялық жоспарды іске асырудың практикалық кезеңіне өтті. Қазіргі таңда жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 81 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Инвестиция көлемі 13 трлн теңгеден асады. Жобалардың едәуір бөлігі электр қуаты нарығы тетігі арқылы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, алдағы үш жылда негізінен маневрлік генерация сегменті пайдалануға беріледі. Бұл реттеу қуаты тапшылығын азайтып, Біртұтас энергетикалық жүйенің икемділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда іске асырылып жатқан жобалар 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай ел экономикасының электр энергиясына деген қажеттілігін толық өтеуге және Қазақстанды энергия тапшылығы бар елдер қатарынан шығаруға жағдай жасайды. Ал 2029 жылға қарай электр энергиясы мен реттеу қуаты бойынша тұрақты профицитке қол жеткізу көзделіп отыр.
Жалпы алғанда, 2035 жылға дейін елімізде қосымша 26 ГВт-тан астам жаңа генерациялық қуат іске қосылады. Кеңес барысында «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов пен KEGOC АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов та атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр энергетикалық жобаларды іске асыру мерзімдерінің жиі кейінге шегерілуін сынға алды. Олжас Бектенов Мемлекет басшысы энергетика саласындағы жұмыстың қарқынына бірнеше рет назар аударғанын атап өтіп, барлық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды талап етті.
«Барлық жауапты тараптар барынша жұмылуы тиіс. Жоспарланған жобалардың барлығы белгіленген уақытта іске асырылуы қажет. Ешқандай кідіріс пен кейінге шегеру болмауы керек. Министр де, “Самұрық-Энерго” мен KEGOC басшылары да әрбір нысан үшін жеке жауапкершілік арқалайды. Сіздердің жұмыс орындарыңыз кабинетте емес, құрылыс алаңдарында», — деп атап өтті Премьер-министр.



