Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа аясында Қазақстан Республикасының Конституциясын одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Президенттің айтуынша, қолданыстағы Ата заңның мәтінінде жекелеген терминологиялық және стильдік қателер анықталған.
Президент бұл кемшіліктер өткен кезеңде жіберілгенін атап өтіп, Конституциялық реформа шеңберінде аталған олқылықтарды түзету маңызды екенін айтты. Осы мақсатта жүргізілетін жұмысқа кәсіби заңгерлермен қатар, білікті тіл мамандары да тартылатын болады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Конституцияның преамбуласын қайта жазу мәселесіне ерекше тоқталды. Президенттің пікірінше, преамбула ұлттық құндылықтарды айқын көрсетіп, уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпайтын мазмұнға ие болуы тиіс.
Жаңартылатын преамбулада қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің терең тарихи тамыры нақты көрініс табуы қажет. Бұл арқылы Қазақстанның Ұлы дала аумағында өмір сүрген ұлы мемлекеттердің заңды мұрагері екені айқын көрсетілуі тиіс.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Конституция мәтініне «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуді ұсынды. Аталған ұстаным ел дамуының стратегиялық бағытын айқындап, қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыруға бағытталған.
Президенттің айтуынша, бұл бастамалар Конституцияның мазмұнын тереңдетіп қана қоймай, мемлекеттің құқықтық және идеологиялық негізін одан әрі нығайтуға қызмет етеді.




