Жезқазған қаласында көпшілік біле бермейтін ерекше құбылыс бар. Бұл – саябақта емес, жылыжайда да емес, тіпті кеңседе де емес, мыс балқыту зауытының өндірістік цехында өсіп тұрған пальма ағашы. Тропикалық аймақтарға тән бұл өсімдік өндіріс ошағында жарты ғасырға жуық уақыт бойы өсіп келеді.
Аңызға бергісіз бұл оқиғаның бастауында қарапайым ғана адамдық ниет жатыр. 1980 жылдары демалысқа шыққан жергілікті металлургтердің бірі тропикалық елден пальманың тұқымын ала келеді. Кейін сол тұқымдар зауыттың әртүрлі цехтарына отырғызылған. Алайда өндірістік орта – жоғары температура, шаң мен ауыр металл қалдықтары – өсімдіктер үшін қолайсыз болып шығады. Нәтижесінде пальмалардың көпшілігі бұл ортаға бейімделе алмай, өспей қалған.
Соған қарамастан, бір пальма ғана тіршілікке бейімделіп, бүгінде зауыттың бір цехында тамырын тереңге жайып отыр. Бұл – күтімнің, төзімділіктің және табиғаттың таңғаларлық күшінің айқын дәлелі.
Өсімдікті зауыт қызметкерлері ұдайы күтіп-баптайды: уақытылы суарып, жапырақтарын шаңнан тазартып, жуып тұрады. Қатаң өндірістік ортаға қарамастан, пальма жыл сайын жапырақ жайып, бой түзеп келеді. Ол бүгінде зауыт жұмысшылары үшін жай ғана өсімдік емес, өндірістегі тіршіліктің, үміт пен өмірдің символына айналған.
Мамандардың айтуынша, пальманың ұзақ уақыт бойы сақталуына цех ішіндегі тұрақты жылу мен адам қолымен жасалатын күтім әсер еткен. Бұл жағдай өсімдіктердің тек табиғи ортада ғана емес, адам ықыласы бар жерде де өмір сүре алатынын көрсетеді.
Қазіргі таңда бұл пальма Жезқазған мыс балқыту зауытының өзіндік ерекшелігіне, тіпті аңызға айналған нысанына айналып отыр. Өндірістік цехта өсіп тұрған тропикалық ағаш – қала тарихындағы күтпеген, бірақ ерекше құбылыс.
Жезқазғандағы бұл пальма бізге бір маңызды ой салады:
табиғат пен адам арасындағы үйлесім кез келген ортада мүмкін.




