Өңірімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы өз жалғасын табуда. Осы жолы Ұлытау облысына қарасты Жезді кентінің тұрғындары тазалық шарасына бір кісідей атсалысып, елді мекен аумағын ретке келтіруге белсенді қатысқаны байқалды.
Іс-шара барысында кент аумағындағы тарихи орындар мен мәдени-сауықтыру нысандарының айналасы қардан тазартылып, көшелер мен қоғамдық орындар қоқыстан аршылды. Тазалық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп, елді мекеннің көркі мен санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталды.
Аталған акцияға түрлі мекеме қызметкерлері, ұйым өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысып, қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығын іс жүзінде көрсетті. Қатысушылардың айтуынша, басты мақсат тек елді мекеннің тазалығын сақтау ғана емес, сонымен қатар тазалық мәдениетін жастардың бойына сіңіру, экологиялық жауапкершілікті арттыру болып табылады.
Жезді кенті әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып келеді. Кент аумағында тұрғындардың демалуына қолайлы, таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – жергілікті атқарушы органдардың басты назарындағы мәселелердің бірі. Осындай экологиялық акциялар арқылы тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, қоғамда тазалыққа деген оң көзқарас қалыптастыру көзделген.
Аталған шараға қатысты Жезді кенті әкімі аппаратының бас маманы Қайрат Әлсейіт өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы – бір реттік науқан емес, ол әрбір тұрғынның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Мұндай іс-шаралар арқылы тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, жас ұрпақты қоршаған ортаны аялауға тәрбиелеу маңызды.
Жалпы, Жезді кентінде өткен тазалық жұмыстары тұрғындардың бірлігі мен белсенділігін көрсетті. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы алдағы уақытта да жалғасып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға және елді мекендердің көркеюіне өз үлесін қоса бермек.




