Қала келбетін жақсарту және экологиялық ахуалды оңтайландыру мақсатында «Жасыл дәліз» жобасы қолға алынды. Бұл бастама қалаға кіреберіс аумақты абаттандырып қана қоймай, өндірістік аймақты жасыл белдеумен қоршауға бағытталған маңызды экологиялық жоба болып табылады.
Жоба аясында қала кіреберісінен бастап PETROL жанармай бекетіне дейінгі аралық толықтай көгалдандырылып, ретке келтіріледі. Аталған аумақ үш бөлікке бөлініп, кезең-кезеңімен жасыл желек отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Бұл тәсіл жұмыстың тиімді әрі жүйелі жүзеге асуына мүмкіндік береді.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – заманауи суару жүйесінің орнатылуы. Аталған жүйе отырғызылған ағаштардың тұрақты суарылуын қамтамасыз етіп, олардың тез бейімделіп, жақсы өсіп-өркендеуіне жағдай жасайды.
Жалпы жоба бойынша 1 484 түп ағаш отырғызу жоспарланған. Олардың қатарында қарағаш, ақ терек, ясень, айлант және платан сияқты ағаш түрлері бар. Бұл өсімдіктер өңірдің климаттық жағдайына бейімделген әрі ұзақ мерзімде қоршаған ортаға оң әсерін тигізеді.
«Жасыл дәліз» жобасы – қала экологиясын жақсартуға, ауаның сапасын арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, бұл бастама қалаға кіреберістің эстетикалық көрінісін жақсартып, өңірдің тартымдылығын арттыра түседі.




