Қазақстанда бала құқығын қорғау, білім мен ғылым саласын дамыту бағытында ауқымды әрі жүйелі реформалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама еліміздегі бала құқықтарын қорғауға қатысты барлық негізгі шараларды біріктіретін маңызды құжатқа айналды.
Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, соңғы уақытта ғылым және білім саласында бірқатар маңызды бастамалар қолға алынған. Атап айтқанда, ғылыми әлеуетті күшейту мақсатында ғылыми қалашықтар құру және дамыту тұжырымдамасы қабылданған. Бұл бастама отандық ғылымды қолдауға, жас ғалымдарды ынталандыруға және инновациялық экожүйені қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар, мектептердегі тәрбие жұмысына да ерекше назар аударылып отыр. Тәрбие бағдарламасы заман талабына сай жетілдіріліп, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға негізделген, саналы әрі жауапты азамат болып қалыптасуына басымдық берілуде.
Ерлан Қариннің айтуынша, бұған дейін бала құқығын қорғауға қатысты түрлі салаларда жүзеге асырылып келген шаралар енді «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында жүйеленіп, бір құжатқа біріктірілді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатты тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
– Балалардың құқығын қорғау бағытындағы шаралардың барлығы енді осы біртұтас құжатта қамтылды. Бұл – мемлекеттің бала мүддесін қорғауға ерекше мән беріп отырғанының айқын көрінісі, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Сондай-ақ, ол қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі – нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселесіне де тоқталды. Жуырда Үкімет қаулысымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі жаңа кешенді жоспар қабылданған. Аталған жоспар алдын алу шараларын күшейтуге, жастарды зиянды әдеттерден қорғауға және құқық қорғау органдарының жұмысын жүйелеуге бағытталған.
Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде ішкі саясат саласындағы маңызды құжатқа да назар аударды. Оның айтуынша, өткен жылдың қараша айында Президент Жарлығымен ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілген.
– Бұл құжат – тәуелсіз Қазақстан тарихында ішкі саясат саласын жүйелейтін алғашқы тұжырымдамалық құжат. Оны әзірлеуге Ұлттық құрылтай мүшелері мен сарапшылар белсенді түрде атсалысты, – деді Ерлан Қарин.
Аталған құжат ел ішіндегі қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттық бірегейлікті сақтауға және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты күшейтуге бағытталған.
Жалпы, қабылданып жатқан бұл бастамалар Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау, сапалы білім беру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және ішкі саясатты жүйелі дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.




