Мемлекет басшысы су ресурстарын сақтау мен тиімді басқару – елдің ұзақмерзімді дамуы үшін аса маңызды стратегиялық міндет екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, су мәселесіне жүйелі әрі кешенді түрде қарау қажет.
Мемлекет басшысы былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастама көтергенін еске салды. Бұл ұсыныс жаһандық деңгейде су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, трансшекаралық су мәселелерін әділ әрі тиімді шешуге бағытталған. Президенттің пікірінше, БҰҰ-ны реформалау үдерісі аясында аталған бастаманы ілгерілету маңызды.
Сондай-ақ Президент алдағы сәуір айында Астана қаласында Халықаралық экология саммиті өтетінін хабарлады. Саммит барысында Аралды құтқару халықаралық қорының құрамындағы мемлекеттер басшыларымен Арал теңізінің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланбақ. Бұл жиын аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Мемлекет басшысы Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, экологиялық ахуалды жақсартуға жол ашатынына үміт білдірді. Су ресурстарын тиімді басқару арқылы өңірдің табиғи тепе-теңдігін сақтау және халықтың тұрмыс сапасын арттыру басты мақсаттардың бірі екені атап өтілді.




