Халық әрине, биліктің айналасында жүргендердің бәрін «шенеунік» деп бір ғана сөзбен бағалайды. Бірақ...
Біле білгенге шенеуніктің де шенеунігі болады. Елімізде осыдан он жыл бұрын, яғни, 2015 жылы «Мемлекеттік қызмет» туралы арнайы Заң қабылдануы бекерден бекер емес. Бұл Заң елдегі мемлекеттік қызмет туралы түсінік, ұғымдарды нақтылап берді. Мемлекет қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттерін көрсетті. Сонымен қатар, Әдеп Ережесі бекітілді. Яғни, өзін мемлекет қызметіне арнайтын азамат үшін не істеу , не істемеу керектігі, жүріс-тұрысы қалай болғаны жөн дейтін сауалға шейін бәрі тасқа таңба басқандай анықталып, жазылып, көрсетілді. Мұндай Заң кешегі Кеңес Одағы елдерінің көпшілігінде әлі күнге шейін жоқ.
Заң болғасын, оны орындау әрбір азаматтың міндеті. Ал, заң бізге қандай талаптар қояды? Ең алдымен, мемлекет қызметіне адал болуды талап етеді.Қалған барлық міндеттер осы адалдық принципін сақтау қажеттілігінен туындайды. Мысалы, жемқорлыққа жол бермеу.
Сыбайлас жемқорлық қоғамдық дертке айналды. Ел Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев биылғы жылдың басында республикалық «Ана тілі» газетіне көлемді сұхбат берді. Осы сұхбатында Президентіміз жемқорлықпен күрес туралы да өзінің ұстанымын тағы бір мәрте жариялаған еді.
Қасым – Жомарт Кемелұлы сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде күресудің аса қажетті жұмыс екендігіне айта отырып, салдарынан гөрі себебімен күресудің маңыздылығына тоқталды. Бірақ, сонымен бірге, науқаншылдыққа салынбау қажеттігін де ескертті. Шынында да, Президент әрбір Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрестің үздіксіз жүргізілу керектігін де , сонымен бірге, шешім қабылдауға келгенде асығыстыққа, даңқұмарлыққа ұрынбай, байыптылық таныту қажеттігін де ескертіп келеді. «Өйткені, әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұр» -дейді Президент. Өкінішке қарай, нақты өмірде жемқорлықпен күрестің кейде науқаншылықпен ұласып жататыны да байқалмай қалмайды.
Президент бізді әрқашан «Заң мен тәртіп» қағидаттарын басшылыққа алуға үндеп отырады. Заңды сақтасаң, тәртіпті бұзбасаң – мемлекетке адал қызмет атқарудың бұдан артық қандай жолы болуы мүмкін?!
Әрине, мемлекет қызметкерінің қылмысқа ұрынуы өте өкінішті. Бір кісінің зияны мыңға тиеді. Халық арасында «олардың бәрі сондай» дейтін бұрыннан қалыптасып қалған пікір одан әрі қоюлана түседі.
Сондықтан, әрбір мемлекет қызметкері өзіне қандай жауапкершілік жүктелгенін терең сезінгені абзал. «Елдің назары – бізде» дегенді бекер жазып отырғаным жоқ. Біз әрқашан халықтың көз алдында жүреміз. Ал, халық – сыншы. Тек өз еліміздің азаматтары ғана емес шет жұрттардың халықтары да бізге сынай қарайтынын жадымыздан шығаруға болмайды.Біз өз міндетімізді қаншалықты білеміз? Қалай атқарып жүрміз? Елге, мемлекетке деген адалдығымыз қаншалықты? Міне, осы және т.б. мәселелерді олар да тексеріп, біліп жүреді. Сөйтіп, осал тұсымызды тауып алуға ұмтылады. Мұндайда, елдің мәртебесі сын таразысына тартылатынын ұмытпаған абзал.
Мемлекет қызметкері атану – мәртебелі міндет. Сол үдеден табыла білу одан да маңызды. Бұл - сайып келгенде, әрқайсымыздың азаматтығымызға сын. Сол сыннан сүрінбей өте аламыз ба? Осы сұрақ әрбір мемлекет қызметкерінің жадында жүруі тиіс.
Әділбек Есқараев,
Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік қазынашылық департаментінің басшысы.




