Ұлытау өңірінде денсаулық сақтау және оңалту саласында кәсіби әрі жауапты түрде еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Құмабаева Ажар Амангелдіқызы. Ол мейірбике ісі мамандығы бойынша білім алған, қазіргі таңда массажист және АФК (адаптивті дене шынықтыру) маманы ретінде қызмет атқарып келеді.
Құмабаева Ажар Амангелдіқызы өз негізгі мамандығынан алыстамаған. Массаж саласында жұмыс жасап жүргенімен, медицина бағытындағы тәжірибесін үзбей, система, укол секілді медициналық процедураларды тұрақты түрде атқарып келеді. Бұл – оның кәсіби біліктілігін сақтап, науқастарға кешенді көмек көрсетуіне мүмкіндік беріп отыр.
Маманның бұл салаға келуіндегі басты мақсаты – мұқтаж жандарға қолдау көрсету, денсаулығын жақсартуға үлес қосу. Қазіргі таңда ол массаж бағытынан бөлек, АФК маманы ретінде ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жасап келеді. Ерекше балаларға арналған дене жаттығулары мен оңалту шаралары арқылы олардың қозғалыс қабілетін арттырып, өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізуде.
Сонымен қатар, Құмабаева Ажар Амангелдіқызы жоғары оқу орнын аяқтап, биылғы жылдан бастап кәсіби тәжірибесін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Үнемі ізденіс пен дамуды басты қағида еткен маман өз саласында біліктілігін жетілдіруге ерекше мән береді.
Айта кетерлігі, 2023 жылы ол Ұлытау облысы әкімінің грантын жеңіп алып, өз саласы бойынша жеке ісін бастаған. Бүгінде орталығында процедура түрлері өте көп. Мұнда үлкен кісілерге арналған заманауи аппараттар, тер шығаратын және арықтататын құрылғылар, парафин терапиясы сынды кеңінен сұранысқа ие қызметтер көрсетіледі. Барлық процедуралар адам денсаулығын нығайтуға, ағзаны қалпына келтіруге бағытталған.
Бұдан бөлек, Құмабаева Ажар Амангелдіқызы шеге терапиясымен де тұрақты түрде айналысып келеді. Бұл бағытта да жеткілікті тәжірибесі бар маман өз білімін өзгелермен бөлісіп, оқыту жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда обучение өткізуге барлық қажетті рұқсат құжаттары толық.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, адам жанына жанашырлық танытатын Құмабаева Ажар Амангелдіқызы үшін таңдаған мамандығы – үлкен мақтаныш. Ол медицина, массаж және оңалту салаларын ұштастыра отырып, халық денсаулығына нақты үлес қосып келеді.




