2026 жылғы 9 ақпанда Павлодар қаласында «Жаңартылған Конституция – тұрақты дамудың негізі» тақырыбында сарапшылар форумы өтті. Іс-шара жаңартылған Конституция ережелерін жан-жақты сараптамалық талқылауға, оны практикалық тұрғыда іске асыру бойынша кәсіби ұсыныстар әзірлеуге және конституциялық реформаларды қолдауға бағытталған сарапшылар қауымдастығының ортақ ұстанымын қалыптастыруға арналды.
Форум жұмысына саясат, мемлекеттік басқару және білім беру салаларының мамандары, саяси партия өкілдері мен ғылыми қауымдастық мүшелері қатысты. Қатысушылар конституциялық реформалардың елдің ұзақ мерзімді дамуына ықпалы, қоғамдық-саяси үдерістердегі рөлі және конституциялық нормаларды тиімді қолдану тетіктері төңірегінде пікір алмасты.
«Ауыл» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары Нұрхат Ораш өз сөзінде жаңа Конституция жобасының ел дамуының ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарларын айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер қоғамның әділдікке деген сұранысын ескеріп, билік жауапкершілігін арттыруға және мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтуға бағытталған.
– Ұсынылып отырған реформалар ең алдымен халық мүддесін қорғауға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға және жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар олар елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Нұрхат Ораш.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракциясы аппаратының жетекшісі Жазира Сұлтанқұлова партияның жаңа Конституция жобасын толық әрі сөзсіз қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл құжат елдің саяси және қоғамдық дамуы жолындағы аса маңызды қадам болып табылады.
– Жаңа Негізгі заң жобасы азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен жетекші сарапшылардан түскен ұсыныстарды жан-жақты талдау нәтижесінде әзірленді. Ашық қоғамдық талқылаулар барысында ұсынылған жаңа нормалар мен ережелер егжей-тегжейлі пысықталды, – деді ол.
Торайғыров университетінің Стратегиялық даму, халықаралық ынтымақтастық және цифрландыру жөніндегі басқарма мүшесі, проректор Салтанат Аубакирова академиялық орта үшін құқықтық жаңғырумен қатар жастардың заңға құрметін және азаматтық жауапкершілігін қалыптастырудың маңызы зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңартылған конституциялық бағдарлар жоғары оқу орындарындағы білім беру және ағартушылық жұмыстарды күшейтуге мүмкіндік береді.
Саясаттанушы Борис Поломарчук ұсынылған өзгерістер саяси жүйенің эволюциялық дамуын көрсететінін айтып, олардың билік институттарының ашықтығын арттыруға және қоғамның шешім қабылдау үдерістеріне қатысу аясын кеңейтуге бағытталғанын жеткізді.
Ал сарапшы-саясаттанушы Еламан Елемес жаңартылған партиялық жүйеге көшу мен Парламенттің жаңа құрылымы елдің саяси мәдениетін жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. Сондай-ақ Негізгі заңға өзгерістерді тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізу нормасы мемлекеттің тұрақтылығының басты кепілі екеніне назар аударды.
Баяндамалардан кейін кәсіби пікір алмасуға және нақты ұсыныстар әзірлеуге бағытталған сараптамалық талқылау сессиясы өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция – қауіпсіз, таза әрі әділетті мемлекет құрудың берік іргетасын қалайтын стратегиялық таңдау деген ортақ тұжырымға келді.
Сарапшылар форумы мазмұнды ұсыныстарды қалыптастыруға, кәсіби диалогты дамытуға және елдің орнықты даму бағытын қолдауды нығайтуға ықпал еткен маңызды алаңға айналды.




