Биыл Ұлытау облысында 60-тан астам шаруа қожалығы жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алады. Бұл бастама ауыл тұрғындарының табысын арттырып, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына серпін беруді көздейді.
Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жобаға қатысуға ниетті азаматтардан өтінім қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.
Мамандардың айтуынша, мемлекеттік жобаға қатысушылардың басым бөлігі несиені мал басын көбейтуге бағыттауда. Алайда бағдарлама шеңберінде негізгі басымдық өсімдік шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы жобаларға берілмек. Бұл бағыттар өңір экономикасын әртараптандыруға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы соңғы үш жылда Ұлытау облысында қарқынды жүзеге асырылып келеді. Осы кезеңде жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 600-ден астам жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Нәтижесінде көптеген ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, тұрақты табыс көзіне қол жеткізді.
Бағдарлама алдағы уақытта да ауыл шаруашылығының әлеуетін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізеді деп күтілуде.




