Ұлытау облысының аумағында Полиция департаментінің бастамасымен «Тұрмыс» атауымен жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылып, қазіргі уақытта белсенді түрде өткізілуде. Аталған іс-шараның басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық жанжалдардың ушығуына жол бермеу, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жеке жұмыстар жүргізіп, отбасында жиі жанжал шығаратын тұлғалардың тұрғылықты мекенжайларын тексеруде. Сонымен қатар, құқық бұзушылыққа бейім азаматтарға заң талаптары түсіндіріліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары мен жауапкершілігі жөнінде кең көлемде ақпарат берілуде.
Полиция департаментінің мәліметінше, «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасы аясында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Құқық қорғау органдары әлеуметтік қызметтермен бірлесе отырып, көмекке мұқтаж отбасыларды анықтап, оларға қажетті қолдау көрсету шараларын қолға алған.
Сондай-ақ, іс-шара барысында азаматтардың өтініштері мен шағымдары қабылданып, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша жедел әрекет ету қамтамасыз етілуде. Полиция қызметкерлері кез келген құқық бұзушылық дерегі назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Полиция департаменті өңір тұрғындарын заң бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырып, егер сіз немесе жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, қысым көрсетуге немесе өзге де құқық бұзушылықтарға тап болған жағдайда, дереу полицияға хабарласуды сұрайды. Құқық қорғау органдарына 102 нөмірі арқылы тәулік бойы хабарласуға болады.
«Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасы облыс аумағында қоғамдық тәртіпті нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға және азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болып табылады




