«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Ұлытау облысы, Жезқазған қаласында қар тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қала аумағындағы негізгі көшелер мен тұрғын үй маңдарын қардан тазалау мақсатында арнайы техника мен жұмысшы күші жұмылдырылды.
Аталған жұмыстарға «Алмас Құрылыс KAZAKHSTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қар тазалайтын техникалары тартылып, жол бойындағы қар үйінділері тазартылуда. Сонымен қатар, коммуналдық сала қызметкерлері қол күректерін пайдалана отырып, жаяу жүргіншілер жолдарын, аялдамалар мен қоғамдық орындарды мұқият тазалауда.
Қар тазалау жұмыстарының негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғындардың күнделікті қатынасына қолайлы жағдай жасау және қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау. Әсіресе, таңғы және кешкі уақыттағы көлік қозғалысына кедергі келтірмеу басты назарда.
Жауапты мекемелердің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына байланысты қар тазалау жұмыстары алдағы күндері де жалғасады. Қала тұрғындарына уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырылады.




