Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Сәтбаев қаласы аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметін «Ұлытау ЭкоСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көрсетіп келеді. Алайда соңғы уақытта әлеуметтік желілерде және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) бөлімінің Telegram-чатында тұрмыстық қалдықтардың уақытылы шығарылмауына қатысты тұрғындар тарапынан бірқатар шағымдар түскен.
Осыған байланысты бүгін ТКШ бөлімінің мамандарымен бірлесе отырып, жаңа компанияның тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарын тексеру мақсатында қала аумағында аралау жүргізілді. Тексеру барысында Батыс ауданның (Царское село) барлық көшелерінен тұрмыстық қалдықтардың толық шығарылғаны анықталды. Қазіргі таңда аталған аумақта қоқыс шығару жұмыстары сәрсенбі және сенбі күндері айналма тәсілмен, күні бойы бір рейс бойынша жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар №2 шағынаудан мен Алаш көшесі бойындағы қоқыс шығару жұмыстары да тексерілді. Қала шағынаудандарында тұрмыстық қалдықтар күн сайын бір рейс арқылы шығарылуда. Ал коттедждік сектор мен өз бетінше салынған тұрғын үйлер орналасқан аумақтарда қоқыс шығару бекітілген кестеге сәйкес айналма әдіспен жүргізіледі.
Аталған жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында ТКШ бөліміне қосымша контейнерлер орнату қажеттілігі мен контейнер алаңдарының нақты мекенжайларын пысықтау тапсырылды. Сонымен қатар мердігер ұйымға тұрмыстық қалдықтарды бекітілген кестеге сай, уақытылы әрі сапалы түрде шығару міндеттелді.




