2026 жыл – Халықаралық еріктілер жылы болып жариялануына орай Сәтбаев қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында бірқатар әлеуметтік және экологиялық бағыттағы іс-шаралар жүзеге асырылуда. Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – қала тазалығын сақтау, тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру.
Осы бағытта «Таза Сәтбаев» еріктілер ұйымы белсенді қызмет атқаруда. Қазіргі таңда волонтерлік ұйым құрамында 15 жасөспірім бар. Олар қала көшелері, аулалар мен қоғамдық орындарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, экологиялық акциялар мен түсіндіру шараларына тұрақты түрде қатысып келеді. Жас волонтерлердің белсенділігі қоғамда экологиялық сананы арттыруға оң ықпал етуде.
Жоба аясындағы жұмыстар тек тазалықпен шектелмей, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Еріктілер қоқысты дұрыс тастау, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау секілді маңызды бағыттар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бастама әсіресе жас буынға үлгі болып, олардың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастыруға септігін тигізіп отыр.
Алдағы көктем мезгіліне «Таза Сәтбаев» еріктілері тарапынан бірқатар ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Атап айтқанда, жалпықалалық сенбіліктер, көгалдандыру жұмыстары, экологиялық акциялар мен флешмобтар ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл шараларға қала тұрғындарының кеңінен қатысуы күтілуде.
Сонымен қатар, жобаның белсенді қатысушыларына мотивация беру мақсатында волонтерлер үшін арнайы ынталандыру шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, тазалық акцияларына белсене қатысқан еріктілерге кинотеатрлар мен мейрамханаларға арналған сыйлық сертификаттары табысталатын болады. Бұл жасөспірімдердің волонтерлік қызметке деген қызығушылығын арттырып, олардың қоғамдық іске деген жауапкершілігін күшейтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы бұл жоба қаланың көркеюіне ғана емес, қоғамда тазалық пен жауапкершілік мәдениетін орнықтыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Алдағы уақытта да аталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, Сәтбаев қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қоса бермек.




