Ұлытау облысы Полиция департаментінде «Адал полицей» республикалық акциясы аясында жеке құрам қызметкерлері арасында интеллектуалды турнир ұйымдастырылды. Аталған іс-шара құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби және зияткерлік әлеуетін арттыруға, адалдық, әділдік және заңдылық қағидаттарын кеңінен насихаттауға бағытталды.
Турнирдің негізгі мақсаты – полиция қызметкерлерінің кәсіби ойлау қабілетін жетілдіру, қызмет барысында кездесетін түрлі жағдайларда жедел әрі дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамыту, сондай-ақ ұжым ішіндегі өзара сенім мен командалық рухты нығайту. Сонымен қатар, шара адал қызмет ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және құқық қорғау саласындағы оң имиджді күшейтуге ықпал етті.
Интеллектуалды сайысқа Полиция департаментінің әртүрлі құрылымдық бөлімшелерінен құралған бірнеше команда қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушыларға құқық қорғау қызметіне, Қазақстан Республикасының заңнамасына, қызметтік этикаға қатысты сұрақтармен қатар, жалпы білім мен логикалық ойлауға арналған тапсырмалар ұсынылды. Әр кезеңде командалар өз білімдерін, тапқырлығын және бірлесе әрекет ету қабілеттерін көрсете білді.
Турнир барысында қызметкерлер логикалық ойлау, жедел талдау жасау, уақытты тиімді пайдалану және командалық жұмыс дағдыларын жоғары деңгейде танытты. Сайыс атмосферасы достық әрі іскерлік сипатта өтіп, қатысушылар арасында өзара қолдау мен серіктестік айқын байқалды.
Іс-шара соңында үздік нәтиже көрсеткен командалар мен белсенді қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан марапатталды. Департамент басшылығы мұндай интеллектуалды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шаралардың полиция қызметкерлерінің кәсіби дамуына оң әсер ететінін атап өтіп, алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Айта кетейік, «Адал полицей» республикалық акциясы аясында өткізілетін мұндай іс-шаралар құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығын арттыруға, қоғамның полицияға деген сенімін нығайтуға және заң мен тәртіп қағидаттарын кеңінен насихаттауға бағытталған.




