2025 жылы Ұлытау облысының Әділет департаменті жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен 749 өтінішті қарады. Бұл туралы департамент басшысы Азамат Айнабеков ведомствоның өткен жылғы қызметін қорытындылау барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қаралған өтініштердің басым бөлігі мемлекеттік қызметтер көрсету, атқарушылық іс жүргізу, заңды тұлғаларды тіркеу, нотариат және зияткерлік меншік салаларына қатысты болған.
«Біз әрбір өтінішті қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, белгіленген мерзімде және жан-жақты қарауға басымдық беріп отырмыз. 2025 жылы департаментке келіп түскен 749 өтініштің барлығы тіркеліп, тиісті шешімдер қабылданды. Бұл – азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі», – деді Азамат Айнабеков.
Сонымен қатар, департамент тарапынан зияткерлік меншік құқығын қорғау бағытына ерекше назар аударылған. Аталған салада авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғау, тауар белгілерін заңсыз пайдаланудың алдын алу және құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілген.
«Зияткерлік меншік құқығын қорғау – тек құқықтық емес, сонымен қатар экономикалық маңызы бар мәселе. Осыған байланысты біз кәсіпкерлермен, шығармашылық өкілдерімен және білім беру ұйымдарымен бірлесіп, түсіндіру және әлеуметтік өндіру бағытындағы іс-шараларды өткіздік», – деп нақтылады департамент басшысы.
Бұдан бөлек, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ашық қабылдаулар, ақпараттық кездесулер және консультациялық жұмыстар ұйымдастырылған. Бұл шаралар тұрғындардың өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуіне және құқықтық мәселелердің алдын алуға бағытталған.




