Ұлытау облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында жаңа бастама іске қосылды
Ұлытау облысы полиция департаменті интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу және азаматтарды қорғау мақсатында жаңа профилактикалық бастаманы жүзеге асыруда. Аталған бастама аясында полиция қызметкерлері тұрғындармен тікелей кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Іс-шара барысында әрбір полиция қызметкері өз аумағындағы тұрғын үйлерді аралап, азаматтарға интернет-алаяқтардың кең таралған әрекет тәсілдері туралы ақпарат беруде. Сонымен қатар, бейтаныс тұлғаларға жеке және банктік деректерді бермеу, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау, белгісіз сілтемелерге өтпеу қажеттігі ескертілуде.
Профилактикалық жұмыстар әсіресе егде жастағы азаматтар мен интернетті сирек пайдаланатын тұрғындарға бағытталған. Бұл шара тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға, алаяқтық әрекеттердің алдын алуға септігін тигізеді.
Полиция департаменті облыс тұрғындарын қырағылық танытуға және интернет-алаяқтық белгілері байқалған жағдайда полицияға немесе «102» нөміріне дереу хабарласуға шақырады. Ұлытау облысы полиция департаменті аталған бағыттағы профилактикалық жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын болады.




