Ұлытау облысында АӨК салалық кеңесінің отырысы өтті
Ұлытау облысында агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан фермерлерінің республикалық бірлестігінің төрағасы Жигули Дайрабаев, ветеринариялык бақылау және қадағалау комитеті төрагасының орынбасары Марат Ибраев, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы департаменті директоры Бағлан Аймурзаев, Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы Бауыржан Шынгисов, Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының АӨК салалық кеңесінің төрағасы Гүлназ Омарова, сондай-ақ өңір фермерлері қатысты.
Кеңес барысында 2025 жылғы ауыл шаруашылығы саласындағы қызметтің қорытындылары, «Ауыл аманаты» бағдарламасының нәтижелері және ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша баяндамалар тыңдалды.
Жеңілдетілген несиелерді пайдалана отырып, агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде 7 жоба іске асырылды.
Отырыс барысында вице-министр мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын таныстырды. Жоспар аясында мал басын қолдан ұрықтандыру, тері мен жүнді қайта өңдеу, асыл тұқымды мал басын ұлғайту көзделген. Фермерлерге жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Жобаның мақсаты – ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру.
Кездесу барысында өңір фермерлері киіктердің көшіп-қонуы, фермерлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы жұмыс күші тапшылығы, ветеринариялық зертхана ашу, мал азықтық шөп мәселелері, сондай-ақ асыл тұқымды мал өсіру мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды.
Көтерілген сұрақтардың бір бөлігіне тиісті жауаптар беріліп, қосымша пысықтауды талап ететін мәселелер, Ауыл шаруашылығы вице-министрі мен Мәжіліс депутатының жеке бақылауына алынды.




