Бүгін «Қоғамдық келісім» мекемесінің жұмыс жоспары аясында Ұлытау облыстық Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Маңызды басқосуға өңірлік Аналар кеңестерінің төрағалары мен белсенді мүшелері қатысып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.
Отырыстың күн тәртібіне сәйкес, ең алдымен Ұлытау облысы Аналар кеңесінің 2025 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп тыңдалды. Есеп барысында отбасы құндылықтарын нығайту, аналардың қоғамдық белсенділігін арттыру, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді дәріптеу бағытында жүзеге асырылған іс-шаралар атап өтілді. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар жобалар, жастар тәрбиесіне қатысты бастамалар және қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау жолындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Келесі кезекте Аналар кеңесінің 2026 жылға арналған жоспарланған іс-шаралары таныстырылды. Жоспарда аналар институтының рөлін күшейту, отбасы мен бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жаңа жобаларды іске асыру, сондай-ақ жергілікті қауымдастықтармен тығыз байланыс орнату көзделген. Кеңес мүшелері ұсынылған жоспарларға қатысты өз пікірлерін білдіріп, бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Отырыс барысында маңызды ұйымдастырушылық мәселе де қаралды. Атап айтқанда, Жезқазған қаласы Аналар кеңесінің төрағалығына бірнеше кандидатура ұсынылып, талқыланды. Кеңес мүшелерінің бірауыздан қолдауымен Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Капарова Раушан Онқонысқызы Жезқазған қаласы Аналар кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Аналар кеңесінің алдына қойылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды жұмыс екені атап өтілді. Бұл бағытта жетекшілік ету тек ұйымдастырушылық қабілетті ғана емес, қоғам алдындағы жоғары жауапкершілікті де қажет етеді. Кеңес мүшелері Раушан Онқонысқызының тәжірибесі мен іскерлігі бұл міндеттерді абыроймен атқаруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Жиын соңында қаралған барлық мәселелер кеңестің хаттамасына енгізіліп, тиісті шешімдер қабылданды. Қатысушылар жаңадан сайланған төрағаға сәттілік тілеп, Аналар кеңесінің алдағы жұмысына табыс тіледі.




