Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасында туризм саласы бойынша салалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылығы, «ҰЛЫТАУ» ӘКК» АҚ өкілдері және Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мамандары қатысты.
Отырыс барысында өңірдің туристік әлеуетін дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің даму бағыттары және Жезқазған қаласындағы әуежай алаңында орналасқан ұлттық киіз үй форматындағы этно-алаңды әрі қарай дамыту қарастырылды.
«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Ғалым Қойшыбаев паркінің қазіргі жағдайы мен алдағы даму жоспарлары туралы баяндап, сондай-ақ Ұлытау өңіріндегі шаруа қожалықтарының жерлерін алып қоюға қатысты туындаған мәселелерге тоқталды.

Екінші мәселе бойынша Палатаның Әйелдер кәсіпкерлігінің салааралық кеңесінің мүшесі Роза Рымбаева сөз сөйлеп, әуежай аумағындағы этно-киіз үйде «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың және жергілікті қолөнершілердің өнімдерін сату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Отырыс қорытындысы бойынша «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін облыстың туристік имиджін арттыру жөніндегі Жол картасына енгізу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, әкімдікпен бірлесіп, шаруа қожалықтарының кәсіпкерлік қызметін жалғастыруына мүмкіндік беру мақсатында тең құнды жер учаскелерін ұсыну мәселесін пысықтау қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ «ҰЛЫТАУ» ӘКК» АҚ-пен бірлесіп, этно-алаңда «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы жеңімпаздарының және өңір қолөнершілерінің өнімдерін орналастыру жұмыстары жүргізілетін болады.




