Кеңгір ауданының тұрғыны Бақдаулет Байзрахманов – шахта саласында табандылығы мен жауапкершілігі арқылы танылған нағыз еңбек адамы. Ол 1998 жылдан бері тау-кен өндірісі саласында үздіксіз еңбек етіп, осы уақыт ішінде кәсіби тәжірибесі мен біліктілігін арттыра түсті.
Еңбек жолын тау-кен жабдықтарын жөндеу саласынан бастаған ол жылдар бойы түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Қызмет барысында өндірістік процестердің барлық кезеңінен өтіп, саладағы күрделі жұмыстарды терең меңгерді. Бүгінде Бақдаулет Байзрахманов №57 шахтада бұрғылаушы болып жұмыс істеп, кен өндірісінің ең күрделі кезеңдерінде де өндіріс процесінің үздіксіз жүруіне өз үлесін қосып келеді.
Өндірістегі басты ұстанымы – қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және жұмыс сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз ету. Ол әрдайым еңбек тәртібін сақтап, өндірістік қауіпсіздік нормаларын орындауға ерекше мән береді. Әріптестері оның ұқыптылығы мен жауапкершілігін жоғары бағалап, тәжірибесіне жиі сүйенеді.
Көпжылдық қажырлы еңбегі мен кәсіби адалдығының арқасында Бақдаулет Байзрахманов ұжым ішінде үлкен сый-құрметке ие, сенімді маман ретінде танылған. Оның еңбек жолы жас жұмысшыларға үлгі болып, шахта саласына келген жас кадрларға бағыт-бағдар береді.
Сонымен қатар, ол – бес баланың әкесі, отбасына қамқор, өмірде де, қызметте де жауапкершілікті бірінші орынға қоятын азамат. Оның табанды еңбегі тек өндіріс саласының дамуына ғана емес, қоғамда еңбекқорлық пен адалдық құндылықтарын насихаттауға да үлес қосып келеді.
Осындай еңбек адамдарының күнделікті тынымсыз жұмысы тау-кен өндірісінің тұрақты дамуына негіз болып, ел экономикасының нығаюына өз септігін тигізуде.




