«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында логопедиялық қызметті дамытуға бағытталған жоба сәтті жүзеге асырылды. Аталған гранттың қолдауымен Наргиз Бакшиева 2 млн теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды.
Бөлінген грант қаражаты есебінен логопед кабинетін жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, заманауи талаптарға сай жиһаздар, массаж үстелі, сондай-ақ арнайы логопедиялық құрал-жабдықтар мен балалардың сөйлеу қабілетін дамытуға арналған ойындар сатып алынды. Бұл өз кезегінде логопедиялық қызмет сапасын арттыруға және заманауи әдістемелерді кеңінен қолдануға мүмкіндік беріп отыр.
Жоба сөйлеу кемістігі бар балаларға сапалы әрі қолжетімді логопедиялық көмек көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар аталған бастама инклюзивті білім беруді дамытуға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеуге және олардың коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.
Алдағы уақытта логопедиялық қызмет аясын кеңейтіп, ата-аналарға арналған кеңес беру жұмыстарын ұйымдастыру, жаңа дамыту бағдарламаларын енгізу және балалардың ерте жастан сөйлеу қабілетін анықтау бағытында жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жоба өңірдегі әлеуметтік маңызы бар бастамалардың бірі ретінде балалардың толыққанды дамуына және олардың болашақта білім алу мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.




