Өздерін тарихшы деп атайтын азаматтардың да кейбір еш дәлелсіз, ақылға қонымсыз сөздерін естігенде таң қалмасқа шараң жоқ. Мысалы, «Міржақып атамыз екі жыл бойы «көлемі бар болғаны 24 см карцерде тікесінен тік тұруға мәжбүр болған» , «Енді біз классик боламыз» деп, 37- жылы ұсталмай қалған ақын –жазушылар Көктөбеге шығып, арақ ішіп, кешегі әріптестерінің «халық жауы» атанып, ұсталып, атылып кеткендерін тойлаған», т.т. деген секілді, бір естігенде елең еткізетін, бірақ, аржағында ешқандай нақты дәлелі, айғағы жоқ, ақылға да сыймайтын , ақиқатпен мүлдем қабыспайтын сөздерді «тарихшыларды» да көріп, есітіп жүрміз. Бұл ретте Қасым –Жомарт Тоқаевтың «көпшіліктің көңілін табу үшін ойдан шығарылған деректер мен жалған ақпараттар тарататын, халқымыздың басынан өткен қиындықтарға өзге жұртты кінәлайтын тарихшысымақтар пайда болды. Жұрт олардың сандырағына сеніп, өткен дәуірдің жалған батырларын ұлықтай бастады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Бұл – ақиқат жолы емес, керісінше «жалған түсінік туғызатын теріс жол».
Біз болашаққа ұмтылған қоғам, біртұтас ұлт ретінде төл тарихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз керек. Бізге негізсіз аңыз-әңгімелердің еш қажеті жоқ, оның бәрі сана-сезімімізге кеселін тигізеді» деген сөзі өте орынды.
Бізде тарихты біржақты жазу Кеңес заманында орын алғаны белгілі. Бірақ, сол үрдіс қазір жоғалды ма? Меніңше, кеше «қызылды» дұрыс дегендер, енді «алашқа» шаң жуытпайтын болды. Шынайы тарихшылар екі жағының да ағын – ақ, қарасын – қара деп көрсетіп беруі тиіс. Әріге бармай –ақ, күні кешегі тарихтың өзі дұрыс жазылмай жатыр. Президент сұхбатында осы мәселеге де назар аударған екен. Бұл тарихшыларға ой салуға тиісті.
Абдолла Дастанов,
"Шындық" қоғамдық бірлестігінің төрағасы.




