Ең бастысы, біздің бағдарымызды халықтың басым көпшілігі қолдап отыр. Азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгеріс болатынына сенеді. Дегенмен, референдум табысты өтті екен деп, босаңсуға болмайды. Нағыз жұмыс енді басталды.
Реформаны жүзеге асыру барысын елге ұдайы түсіндіріп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде жаңғыру үдерісі біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастады. Шын мәнінде, жаңғырудың әсерін әрбір азаматымыз сезінуі қажет. Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз. Мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсінгені жөн.
Сіздер еліміздің түкпір-түкпірінен келіп отырсыздар. Тұрғындармен жиі кездесесіздер. Реформаның мән-маңызын елге жан-жақты түсіндіру қажет.
Қазір – интернет дәуірі. Жастар өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алады. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажет. Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек. Жалпы, түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені, бүгінгі реформалардың игілігін ертең солар көреді. Біз не істесек те бәрін ұрпақ үшін істеп жатырмыз.
Әрине, бұл жұмыстан қоғамның басқа өкілдері де тыс қалмауға тиіс. Жаңа қоғам құрып, жаңа сананы қалыптастыру ісіне бүкіл елді ұйыстыру қажет. Осылайша, Құрылтай реформаларды жүзеге асыруға жан-жақты атсалысады. Түптеп келгенде, Ұлттық құрылтай негізгі азаматтық қоғам институттарының біріне айналуға тиіс.




