Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қызылордада өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайдың алғашқы күні қорытындысы бойынша 200-ден аса ұсыныс түскенін хабарлады.
Оның айтуынша, кеше құрылтай аясында төрт секцияның отырысы ұйымдастырылып, онда шамамен 70 құрылтай мүшесі сөз алып, түрлі бағытта ұсыныстарын ортаға салған. Жалпы айтылған бастамалардың саны 200-ден асқан.
Ерлан Қарин өткен жылы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай аймақтардың дамуына нақты серпін бергенін де атап өтті.
– Өткен жылы өңірлерді дамытуға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжаттың негізгі мақсаты – халықты базалық инфрақұрылыммен тең дәрежеде қамту. Сонымен қатар өңірлерде өтетін басты мәдени және туристік іс-шаралардың арнайы тізімі жасақталды. Аталған жұмыстар – бір жыл ішінде атқарылған істердің бір бөлігі ғана. Жалпы Бурабайда көтерілген ұсыныстар мен бастамалар негізінде жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Оларды нәтижелі іске асыру үшін құрылтай мүшелері секциялық отырыстар мен жұмыс кездесулерінде жан-жақты талқылаулар өткізді, – деді Мемлекеттік кеңесші.




