Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин биылғы Ұлттық құрылтай аясында төрт секцияның өз отырыстарын өткізгенін атап өтті. Оның айтуынша, секциялық жиындар барысында құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйлеп, 200-ден астам нақты ұсыныс ортаға салынған.
Аталған отырыстарда ел дамуына қатысты маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды. Ұсыныстар әлеуметтік, экономикалық, өңірлік даму, инфрақұрылым, мәдениет пен туризм салаларын қамтыған. Бұл секциялық талқылаулар құрылтай жұмысының мазмұнды әрі нәтижелі өткенін көрсетті.
Мемлекеттік кеңесші өткен жылы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың өңірлерді дамытуға айтарлықтай серпін бергенін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, сол жиында көтерілген бастамалар мен ұсыныстар кейін нақты іс-шараларға ұласып, жүйелі түрде жүзеге асырыла бастаған.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжаттың басты міндеті – ел тұрғындарын негізгі инфрақұрылымдармен тең дәрежеде қамтамасыз ету. Тұжырымдама өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңгерімді сақтауға және аймақтардың кешенді дамуына бағытталған.
Сонымен қатар, өңірлердегі негізгі мәдени-туристік іс-шаралардың тізбесі жасақталды. Бұл бастама өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға, мәдени өмірін жандандыруға және жергілікті экономиканың дамуына ықпал етуді көздейді. Айтылған жұмыстар бір жыл ішінде атқарылған іс-шаралардың бір бөлігі ғана екені де атап өтілді.
Бурабайда айтылған бастамалар мен ұсыныстар негізінде жүйелі жұмыстар жүргізілген. Оларды тиімді іске асыру мақсатында құрылтай мүшелері секциялық отырыстарда, сондай-ақ түрлі жұмыс кездесулерінде талқылаулар өткізген.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, мұндай форматтағы талқылаулар ұсыныстарды нақтылап, оларды іске асыру тетіктерін айқындауға мүмкіндік берді. Құрылтай жұмысы алдағы уақытта да ел дамуына бағытталған маңызды шешімдер қабылдауға негіз болмақ.




