Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында халықаралық аренада сенім дағдарысының тереңдей түскенін атап өтті. Президент қазіргі кезде бұрын-соңды болмаған, түбегейлі жаңа құбылыстар пайда болып жатқанын, оларға қазіргі және келесі ұрпақ бейімделуге мәжбүр екенін айтты. Көз алдымызда «халықаралық құқық эрозиясы» жүріп жатқанын, әскери шығындардың рекордтық деңгейге жетіп, 2035 жылға қарай екі есе өсуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Тоқаев күннен-күнге артқан милитаризация халықаралық қауымдастықтың әділетті әлемдік тәртіп орнатуға бағытталған күш-жігеріне нұқсан келтіретінін, сондықтан сыртқы саясаттың маңыздылығы артатынын, ол мемлекеттің стратегиялық мүдделерін қорғауға және ілгерілетуге бағытталуы керегін айтты. Бұған дейін ол ЕАЭО аясында Қазақстандағы ауыл шаруашылығы тауарларының негізсіз қысымға ұшырағанын және ұлттық мүдделерді қорғауда белсенді әрекет ету қажеттігін атап өткен.




