Кітапханада «Қазақ рухының ұландары» атты атаумен Ұлытау өңірінен шыққан көрнекті публицист-жазушы Баубек Бұлқышов пен қаламгер Мұқан Иманжановтың 110 жылдығына арналған рухани-танымдық кеш өтті. Тағылымды шарада қос тұлғаның қазақ әдебиеті мен ұлттық руханияттағы орны кеңінен сөз болды.
Кеш барысында Баубек Бұлқышовтың шығармашылық мұрасы, публицистикалық ойлары мен елдік мүдде жолындағы қайраткерлігі, сондай-ақ Мұқан Иманжановтың әдеби еңбектері мен рухани құндылықтары туралы мазмұнды баяндамалар жасалды. Экранда қаламгерлердің өмір жолы мен шығармашылығына қатысты деректер ұсынылып, олардың ұлт рухын көтерудегі рөлі айқындалды.
Іс-шарада Ұлытау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Данагүл Алшынбаева сөз сөйлеп, мұндай рухани кештердің жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ Ұлытау ауданының құрметті азаматы Рақыш Нәшікенқызы сөз алып, қаламгерлердің ел тарихындағы орны мен өнегелі өмірі туралы жүрекжарды ойымен бөлісті.
Рухани кеш оқырмандарға терең ой салып, қазақ рухының ұландары саналатын қос тұлғаның мол мұрасын дәріптеуге арналды. Шара ұлттық әдебиет пен руханиятқа деген қызығушылықты арттырып, тарихи сананы жаңғыртуға өз үлесін қосты.




