Сәтбаев қаласының бас жоспарына түзету енгізу жобасы бойынша қоғамдық тыңдалым өтті. Маңызды жиын шаһардың алдағы жылдардағы даму бағытын айқындауға арналған ашық диалог алаңына айналды.
Қоғамдық тыңдалымға қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекеме және бөлім басшылары, сондай-ақ коммуналдық және қызмет көрсетуші кәсіпорындардың мамандары қатысты. Кездесу барысында қаланың аумақтық дамуы, инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғын үй құрылысы аймақтарын кеңейту, инженерлік желілерді жаңғырту және әлеуметтік нысандарды тиімді орналастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жоба аясында жаңа шағын аудандарды дамыту, жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, сумен және электр энергиясымен қамту жүйелерін кезең-кезеңімен жаңарту жоспарлары таныстырылды. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар – мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен спорт кешендерін салу мүмкіндіктері қарастырылды.
Талқылау барысында қатысушылар жаңа жылу электр орталығын (ЖЭЦ) салу мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл бастама қаланың энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, болашақта жылумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні атап өтілді. Бұдан бөлек, қаланың Шығыс аудандарында жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер телімдерін инженерлік инфрақұрылыммен – су, электр, жылу және жол желілерімен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты сұрақтар көтерілді.
Тыңдалым барысында тұрғындар мен қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, жобаны жетілдіруге бағытталған нақты бастамалар ұсынды. Барлық ұсыныстар мен ескертулер жинақталып, бас жоспарға енгізілетін түзетулерді пысықтау кезінде ескерілетін болады.
Жалпы, бас жоспарға енгізілетін өзгерістер қаланың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға және инженерлік инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады.




