Ибраһим келісіміне қосылу шешімінің дұрыстығына сенімдімін. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. — Жалпы, дипломатияда қате шешімнің құны соншалық жоғары болғандықтан мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделеріне орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Мұны біз өз тәжірибемізден білеміз. Егер экономикада бір бағдарламаны немесе тұжырымдаманы басқа бағдарламалық құжаттармен алмастыруға болатын болса, өкінішке қарай, бұл бізде жиі кездеседі, ал халықаралық шарттарға қойылған қолдар, әдетте, кері қайтаруға жатпайды. Қаламмен жазылғанды балтамен шауып тастай алмайсың, — деді Президент. Президенттің пайымынша, дипломатия — бұл ымыраға келудің, келісімнің баламасыз құралы деуге болады. Бірақ қақтығыс пен дау-жанжалға апаратын жол емес. Кез келген қақтығысты егер шынайы ниет пен тиісті кәсібилік болса, еңсеруге болады. — Мен Ибраһим келісіміне қосылу туралы шешім қабылдадым. Мұндай келісімнің пайда болуының өзі Президент Трамптың тарихи контексті және қазіргі саяси шындықты терең түсінуінен туындаған дипломатиялық инновация. Таяу Шығыста берік бейбітшілік орнатуға ықпал етуге бағытталған Ибраһим келісіміне қосылу туралы қабылданған шешімнің дұрыстығына сенімдімін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.




