Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын өкілеттігін тоқтатқан жағдайда, екі ай ішінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы норма Конституцияда нақты көрсетілуі тиіс. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, қолданыстағы Ата заңға сәйкес, Мемлекет басшысы өз міндетін атқара алмайтын жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Ал егер Сенат төрағасы да бұл жауапкершілікті атқара алмаса, билік заңда белгіленген тәртіппен басқа лауазымды тұлғаларға көшеді. Алайда мұндағы басты мәселе – «қалған мерзім» ұғымының нақты шектелмеуінде. Бұл мерзім алты ай да, тіпті алты жылға дейін созылуы мүмкін.
Осыған байланысты Президент кезектен тыс сайлау өткізу мерзімін нақтылау қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, Мемлекет басшысы қызметінен ерте кеткен жағдайда, екі айдың ішінде жаңа Президент сайлануы тиіс. Бұл халықаралық тәжірибеге сай келеді және елдегі биліктің заңды жолмен қалыптасуын қамтамасыз етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев билікке тек сайлау арқылы келу – өзгермейтін әрі берік қағидат екенін атап өтіп, бұл талап алдағы уақытта барлық Мемлекет басшылары үшін мызғымас нормаға айналуы қажет екенін жеткізді.




