Әр адам өз таңдауын жасауға ерікті, алайда бұл таңдауды өзгеге күштеп таңуға болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында әдепке сай келмейтін мінез-құлық пен «балама» моральдық құндылықтарды қатаң сынға алды.
Президенттің айтуынша, түрлі саяси авантюристердің ұлттың негізгі құндылықтарына нұқсан келтіруіне, сондай-ақ жастарды сәнге айналған жалған «балама» моральдық бағдарларға жетелеуіне жол беруге болмайды. Мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарды қорғауға міндетті, ал қоғамға зиян келтіретін, әдепке жат әрекеттерді насихаттауға қарсы тұруы тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев неке институтын ер мен әйелдің өзара ерікті түрде құрылатын және мемлекеттік органда ресми түрде тіркелетін одақ ретінде заңнамалық тұрғыда нығайту қажет екенін айтты.
Сонымен бірге Президент мемлекеттің ресми ұстанымына қайшы пікірлер үшін қылмыстық қудалау мен моральдық кемсітуге жол берілмеуі тиіс екенін жеткізді. Оның сөзінше, мемлекеттің негізгі қағидаты айқын: әр азаматтың таңдау жасау құқығы бар, бірақ ешкім өз көзқарасын өзгеге күштеп таңбауы керек. Мемлекет барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін берік қорғайды.



