Мемлекет басшысы елде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын, оның аясында конституциялық реформа жүргізіліп, сапалы жаңа саяси жүйеге көшу көзделіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ қазіргі заманғы шынайылық қоғам өмірінің барлық саласына цифрландыру мен жасанды интеллектіні белсенді енгізуді талап ететінін еске салды.
– Қоғамда және мемлекетте заң үстемдігі мен қатаң тәртіптің сөзсіз сақталуын қамтамасыз ету қажет. Бірқатар шетелдік мемлекеттердегі аса күрделі жағдайды ескере отырып, жүргізіліп жатқан саясатымыздың дұрыстығына еш күмән жоқ. «Заң және Тәртіп» мемлекеттік саясаттың іргелі қағидаты ретінде қарастырылуы тиіс. Бұл өмірлік маңызды ұстаным ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Менің ойымша, ол Конституцияның жаңа редакциясына міндетті түрде енгізілуі қажет. Оны іске асыруда Бас прокуратураға ерекше рөл жүктеледі. Оның қызметкерлері заң бұзушылықтарға бейжай қарап, көз жұма қарауға құқылы емес, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарын цифрландыру үдерісінің бірізді еместігіне назар аударды.
– Әрбір ведомство өз цифрлық құралдарын өз бетінше әзірлеп жатыр, бұл жүйесіз түрде жүзеге асуда. Бір органдар инновацияларды табысты енгізіп жатқанда, басқалары тиімді шешім таппай, бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауды жалғастыруда. Мұны бір сөзбен айтқанда, ысырап деуге болады. Жаңа бірдеңе жасауға тырысып, ақшаны ойсыз жұмсаудың қажеті жоқ. Үкіметке енгізілген барлық цифрлық шешімдерге олардың тиімділігін арттыру мақсатында талдау жүргізіп, тексеру жасауды тапсырамын. Күштік құрылымдар үшін айқын құрылымы мен ортақ технологиялық стандарттары бар бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыру қажет, – деді ол.
Мемлекет басшысы азаматтардың дербес деректерін қорғаудың өзектілігін атап өтті.
– Ақпараттық кеңістікте азаматтардың жеке деректерінің таралып кету жағдайлары жиілеп кетті. Дербес мәліметтерді барынша қорғау үшін бұл жұмыс жүйелі негізде жүргізілуі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент киберқылмысқа қарсы күрес мәселесіне де арнайы тоқталды.
– Бүкіл әлемде киберқылмыстың ауқымы кеңейіп келеді, оның құрбаны жыл сайын мыңдаған қазақстандық болып отыр. Қазіргі уақытта онлайн-алаяқтыққа байланысты қылмыстардың тек әр бесіншісі ғана ашылады, бұл өте төмен көрсеткіш. Киберқылмысқа қарсы күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет. Цифрлық саладағы сын-қатерлерге жауап беру үшін құқық қорғау органдары алдын ала әрекет етуі тиіс. Инновациялық тұрғыда ойлау қажет, бұл мәселеде артта қалуға жол берілмейді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев көші-қонды реттеу саласын толық цифрландыруды аса маңызды міндет деп санайды.
– Көші-қонды реттеу саласында толық цифрландыру жүргізу қажет. Бұл – біз көптен бері айтып келе жатқан, бірақ оң өзгерістер әлі де мардымсыз болып отырған өте өзекті мәселе. Әлемде жағдай күрделі. Жер жүзінде көші-қон ағындары күшейіп келе жатқанын сеніммен айтуға болады. Осындай жағдайда Қазақстан транзиттік хабқа әрі шетелдік мигранттар үшін ұзақ мерзімді тұруға тартымды елге айналуда. Осыған байланысты шетел азаматтарының уақытша есебін жүргізу және олардың қозғалысын бақылау жүйелерін жаңғырту көші-қон бақылауын қамтамасыз етудегі басым міндетке айналады. Үкіметке ҰҚК-мен бірлесіп бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлеуметтік желілерде ақпарат таратқанда заң талаптарын сақтау қажеттігін атап өтті.
– Технологиялардың қарқынды дамуы ақпараттық кеңістіктің елеулі трансформациясымен қатар жүріп жатыр. Қоғамда әдейі деструктивті контент таратып, азаматтарды бір-біріне қарсы қоятын, іріткі салатын адамдар да бар. Мұның бәрі өшпенділік тілі үстемдік ететін қажетсіз әрі тіпті қауіпті пікірталастарға ұласады. Мұндай тұлғалардың қолындағы жасанды интеллект ақпараттық қаруға айналып, құқыққа қайшы контент конвейерлік әдіспен шығарылады. Мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды. Осындай адамдардың қызметіне құқықтық баға беріп, оларды жауапкершілікке тарту қажет. Сондай-ақ азаматтарға деструктивті контент таратудың құқықтық салдарын тұрақты түрде, нақты түсіндіру керек, – деді ол.
Президент тәртіпсіздік пен заңсыздыққа жол бермеуге шақырды.
– Ұлттық құрылтай отырысында мен патриотизм туралы пікірімді айттым. Патриотизм – жай ғана ұран емес. Бұл – шектен шыққан ұлтшылдыққа еш қатысы жоқ қасиетті сезім. Патриотизмді жауапкершілік пен жасампаз күш ретінде бағалау керек. Яғни патриотизм азаматтарымыздың жауапкершілігі мен нақты істерінен көрінеді. Отанға деген сүйіспеншілік – саяси ұпай жинау немесе табысты мансап құру емес, бұл – өз елің үшін жасалатын игі істер, халқыңның игілігі жолындағы еңбек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңес барысында Бас прокурор Берік Асылов, Премьер-Министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов сөз сөйледі.




