Облыстық қоғамдық даму басқармасы мен қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен оқушыларға арналған ашық құқықтық сабақ өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – заң талаптарын оқушыларға қарапайым тілмен жеткізу, өмірлік тәжірибелер арқылы азаматтық жауапкершілікті түсіндіру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру.
Ашық диалог форматында өткен кездесуге құқық қорғау органдарының өкілдері, білім саласының мамандары, мұғалімдер мен оқушылар қатысты. Сабақ барысында қоғамдағы заңның маңызы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, құқықтық талаптарды сақтамаудың салдары нақты өмірлік жағдайлар арқылы талданды.
Кездесу кезінде Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ербол Күмісходжаев сөз сөйлеп, жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру – қоғам дамуының маңызды бөлігі екенін атап өтті.
«Заңды білу және оны сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Оқушылардың құқықтары мен міндеттерін ерте жастан түсінуі олардың болашақта саналы әрі жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал етеді», – деді Ербол Күмісходжаев.
Сонымен қатар, шара барысында №7 мектеп-лицейінің оқушысы Аңсаған Тілеубай сөз алып, ашық құқықтық сабақтың оқушылар үшін маңыздылығына тоқталды.
«Мұндай кездесулер арқылы біз өз құқықтарымыз бен міндеттерімізді жақсырақ түсінеміз. Өмірлік мысалдар арқылы заң талаптарының маңызы айқын көрінді», – деді ол.
Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, құқық қорғау органдарының өкілдері нақты жауаптар берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай ашық құқықтық сабақтар жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.




