Конституциялық өзгерістер өз табиғаты бойынша мемлекеттің негіздері мен қоғамдық шартқа тікелей әсер етеді. Сондықтан мұндай маңызды мәселелердің жабық режимде немесе «тар шеңберде» талқылануы мүмкін емес.
Осыған байланысты Конституциялық комиссия қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында бірқатар нақты шаралар қабылданды.
Біріншіден, Комиссия отырыстарының ресми сайтта және Конституциялық соттың әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілуі қамтамасыз етілді. Бұл азаматтарға қабылданып жатқан шешімдерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берді.
Екіншіден, Комиссия қызметі туралы ақпаратты жедел тарату және оны жүйелі түрде жинақтау үшін арнайы «Конституциялық реформа – 2026» атты Telegram-арна ашылды. Бұл алаң қоғам мен Комиссия арасындағы тұрақты ақпараттық көпірге айналды.
Сонымен қатар Комиссия мүшелерінің басым бөлігі әлеуметтік желілерде белсенді. Олар өз ой-пікірлерін тікелей немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүздеген мың азаматқа жеткізіп отырды. Бұл қоғамдық талқылаудың кеңеюіне және пікір алуандығының қалыптасуына жол ашты.
Осының нәтижесінде Конституциялық комиссия жұмысы ашық әрі айқын форматта өтті. Оның қызметі туралы ақпарат барлық ниет білдірген азаматтарға қолжетімді болды.
Айта кету керек, тікелей эфирлер – бұл жай ғана техникалық құрал емес. Ол қоғамға деген сенімнің, биліктің ашық диалогқа дайын екендігінің айқын көрінісі.
Мемлекет «Еститін мемлекет» қағидатын және институционалдық жауапкершілікті алға тартып отырған қазіргі жағдайда, Конституциялық комиссияның жария жұмыс істеуі жарияланған саясаттың заңды жалғасы болып табылады.
Отырыстардың ашық өткізілуі әртүрлі алыпқашпа әңгімелер мен алыпсатарлықтың алдын алуға мүмкіндік беріп, азаматтардың ұсынылып отырған нормалардың логикасын түсінуіне жағдай жасады. Ең бастысы, бұл қабылданатын түпкілікті шешімдердің заңдылығын әрі қоғамдық легитимдігін арттырды.




