Медицина саласын дамытуға бағытталған жүйелі шаралар өңірде кезең-кезеңімен іске асырылуда. Республикалық инновация бағдарламасы аясында облыстық көпбейінді аурухананы жаңғырту жұмыстары қолға алынды.
2025–2027 жылдар аралығында медициналық мекеменің ғимараттық-инженерлік желілері толық ауыстырылып, хирургиялық блоктар, емдеу бөлмелері мен стационарлық орындар заманауи талаптарға сай жаңартылады. Бұл бастама диагностика мен ем сапасын арттыруға, науқастар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар қатерлі ісікке шалдыққан азаматтарға көрсетілетін көмекті күшейту мақсатында жаңа корпус салу жоспарланып отыр. Жоба іске асқан жағдайда онкологиялық қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігі едәуір жақсарады.
Пациенттердің құқықтарын қорғау және ішкі бақылау қызметінің жетекшісі Шахрух Юлдшаев жүргізіліп жатқан өзгерістер медициналық қауіпсіздікті нығайтып, қызмет көрсету стандарттарын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
Ал ем алушы Дмитрий Зеленый емдеу үдерісіндегі жағдай мен көрсетіліп жатқан көмектің сапасына оң бағасын беріп, алдағы жаңартуларға сенім білдірді.
Госпитальдық фармация бөлімшесінің меңгерушісі Бибігүл Кулмурзинаның айтуынша, жаңғырту аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі де жетілдіріліп, бақылау тетіктері күшейтіледі.
Аталған жұмыстар өңір тұрғындарының денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.




